Жыл соңына дейін Астанадағы 16 мың 613 үлескер өз пәтерлерін алатын болады

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылдың соңына дейін Астанадағы 16 мың 613 үлескер өз пәтерлерін алатын болады. Жалпы бүгінгі күні елорда бойынша 23,8 мың үлескер бар. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында, тұрғын үй құрылысындағы үлескерлермен қалыптасқан жағдай және олардың проблемалы мәселелерін заңнамалық реттеу жөніндегі жұмыс

қорытындысына орай түсініктеме берген Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Астана әкімдігі сатып алуға ниет білдірген елорданың 43 құрылыс нысанындағы жағдай жақсара түскен. Сонымен бірге қосымша тетіктерді қажет ететін 21 нысанның 8- інде қолданысқа беру даярлығы деңгейінде жұмыстар жүргізілген, қалған нысандарға техникалық-қаржылық аудит шарасы қамтылып отыр. «Үлестік құрылыс бойынша салынып жатқан проблемалы 12 нысанның жағдайы өзгермеген қалыпта. Дегенмен де бүгінгі күні республикалық бюджеттік комиссия оң қорытынды шығарып, бұл нысандарға қосымша 15,2 млрд. теңге қарастырылды. Осылайша соңғы 3 аптада елордадағы құрылыс нысандарының жағдайы айтарлықтай өзгерді», - деді министр. Оның айтуынша, 2009 жылдың соңына дейін Астанадағы 16 мың 613 үлескер өз пәтерлерін алатын болады.