Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті. Еске салсақ, жиын барысында палата депутаттары «Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қазақстан - Қытай» мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңы қабылданған болатын.
«Бүгінгі таңда «Атырау - Кеңқияқ - Құмкөл - Атасу -Алашаңқай» бағытында 1 мыңға тарта адам тұрақты жұмыс істеуде. Ал жыл соңына дейін «Атасу - Алашаңқай» мұнай құбырында 2 жаңа мұнай айдау стансасы іске қосылады. Сонда бұл жобаға қосымша 150-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланады. Жалпы жоба аясында 400-ге тарта тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп отыр», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, құрылыстың алғашқы екі жылында 2 мыңға жуық уақытша жұмыс орындары да құрылмақ.