Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға 10 млрд. 707 млн. теңге бөлу жоспарлануда

None
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Жыл соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін, су, орман және балық шаруашылығын дамытуға 10 млрд. 707 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, бюджет жобасында қазақстандық астықты халықаралық астық нарығына шығару үшін қажетті шаралар атқаруға 7,8 млрд. теңге бөлу көзделген. «Бұдан бөлек, шетелдік селекцияның ірі қара малдарының асыл тұқымды төлдерін сатып алуды субсидиялауға 1,1 млрд. теңге, Жайық балық өндірістік базасы үшін кеме және мұздатқыш жабдықтар сатып алуды қоса алғанда 10,7 млн. теңге қарастырылады. Сонымен бірге, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге, ауылдық елді-мекендерді зерттеуге, жаңа жергілікті инвестициялық жобаларды іске асыруға - 6,4 млрд. теңге жұмсалады», деді Б. Жәмішев.

Оның айтуынша, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында елді-мекендерді газдандыру жобасына 5,3 млрд. теңге де қарастырылған.