«Бұл мәселе бірінші жыл талқыланып отырған жоқ. Бұл Алматы халқының көбі электросамокаттарды белсенді пайдалана бастағанымен байланысты туындады. Біз мәселені үш жыл талқылай келе, заңнамалық негізде өзгерістер енгізуді, электросамокаттарға қойылатын стандарттарды бекіту шешімін қабалдадық. Стандарттар қабылданғаннан кейін жол қозғалысы туралы заңға, жол қозғалысы ережелеріне және Әкімшілік кодекске өзгерістер енгізетін боламыз», - деді Жандос Мұратәлиев.
Оның айтуынша, бекітілген стандартта самокаттарды сертификаттау және олардың қозғалысын реттеу шаралары көрсетілген.
«Болашақта «Жол қозғалысы туралы» Заңда біз электросамокаттың жүргізушісі кім екенін, оның қандай құқықтары бар екенін көрсетеміз. Бұл нормалар басқа мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен талқыланатын болады. Осы стандартты қабылдау кезінде урбанистердің, блогерлердің, жұртшылықтың пікірлері ескерілді», - деп атап өтті Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Спикер электросамокаттарды басқару үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейтінін жеткізді. Алайда, міндетті шарт - егер азамат электросамокатпен велосипед немесе көлік жолына шығатын болса, онда ол 16 жасқа толуы тиіс. Сонымен қоса, электросамокаттар түнгі уақытта жүруге мүмкіндік беретін жарықтармен жабдықталуы керек.
Брифинг аясында Жандос Мұратәлиев елімізде енгізілгелі отырған «Орташа жылдамдық» жүйесінің қалай жұмыс істейтінін айтты.