Жыл соңына дейін елордада 10 балабақша пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мектепке дейінгі мекемелердің санын арттыру мақсатында жаңа балабақшалар мен шағын оқу орталықтары салынып жатыр, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Қазіргі кезде Астанада 10 балабақша мен 1 қосымша ғимарат (2 460 орындық) салынып жатыр. Балабақшалар келесі мекенжайлар бойынша орналасады: Айнакөл және Мирзоян көшелерінің қиылысында 240 орындық балабақша, Сауран және № 24 көшенің қиылысында 240 орындық балабақша, Түркістан-Орынбор - № 25, № 26 көшелерінің қиылысында 200 орындық балабақша, Сығанақ көшесінің оңтүстігінде 240 орындық № 1 балабақша, Сығанақ көшесінің оңтүстігінде 240 орындық № 2 балабақша, Комсомол кентіндегі Қыз Жібек көшесі мен Ұлпан қысқа көшесінің қиылысында 280 орындық балабақша, Комсомол кентінде Қыз Жібек көшесі мен Баян Сұлу көшесінің қиылысында 280 орындық балабақша, № 23 көше аумағында 240 орындық балабақша (Орынбормен № 36 көшенің арасында), Үркер шағын ауданында 240 орындық балабақша, Көктал-2 кентінде 240 орындық санаториялық балабақша. Сонымен қатар, «Рябинка» балабақшасына 60 орындық жапсаржай салынады. 2500 астам балаға есептелген жаңадан салынып жатқан 10 мектепке дейінгі мекемелер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, бүгінгі күні 35 мыңнан астам бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған, 156 мектепке дейінгі мекеме, оның ішінде 81 мемлекеттік, 73 жеке меншікті білім мекемесі жұмыс істейді.