Жыл соңына дейін елордада салынып жатқан үйлердің саны 24-ке дейін азаятын болады ? С.Хорошун

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Жыл соңына дейін Астана қаласында салынып жатқан құрылыс нысандарының саны 24-ке дейін, ал үлескерлер саны 6,5 мыңға дейін азаятын болады.

Бұл туралы бүгін құрылыс нысандары бойынша жоспарлы көшпелі кеңес барысында елорда әкімінің орынбасары Сергей Хорошун айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.С.Хорошунның сөзіне қарағанда, бүгін комиссия болған 4 нысанда шілде айында 400-ге жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олар бюджет қызметкерлеріне бөлінеді. Сондай-ақ үлескерлер де өз пәтерлерін алады. «Бүгінде Астанада салынып жатқан 114 құрылыс нысандары бар. Оның үстіне құрылысқа 22 087 үлескер қатысуда. Маусымның соңына дейін 10 нысанда құрылыс аяқталады, яғни 1 800 үлескердің мәселесі шешілмек», - деп атап өтті С.Хорошун.Елорда әкімі орынбасарының айтуынша, тағы 30 нысан экономиканы тұрақтандыру жөніндегі шаралар аясында салынуда. Оларды «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қаржыландырып отыр. «Қалған 22 нысан проблемалық болып саналады. Оларды салу міндетін «Жаңа құрылыс» ЖШС алып отыр. Сондай-ақ 10 нысан салынуда, 12 нысанға қатысты прокуратураға шағым түсті», деді ол.