Жыл соңына дейін инфляция деңгейін 2 есе төмендетуіміз қажет – Смайылов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Баға өсімін ұстап тұру Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баға өсімін ұстап тұру Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Елдегі инфляция осы жылдың ақпанынан бастап біртіндеп баяулап келеді. Қабылданған іс-шаралардың арқасында біз оны бүгінде жылдық мәнде 14 пайызға дейін баяулата алдық. Дегенмен біздің алдымызда осы жылдың соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету міндеті тұр», - деді Премьер-Министр.

Оның атап өтуінше, инфляцияға азық-түлік тауларларының негізгі үлес қосатындысын ескере отырып, алдын алу іс-шараларын дер уақытында қабылдауға айрықша назар аударған жөн.

«Ол үшін барлық қажетті құрал бар. Олар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінде көрініс тапқан. Өңір әкімдері мен бейінді министрліктер аталған құжатта жоспарланған барлық іс-шараларды сапалы орындауы тиіс. Тауар бағасын қалыптастырудың барлық тізбегі бойынша делдалдық сызбаны анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселе әкімдердің үнемі бақылауына болуы қажет. Өңір басшылары бұл үшін дербес жауапкершілік арқалайды», - деді Әлихан Смайылов.