Жыл соңына дейін Қызылорда облысы бойынша 437 шақырым жолдың құрылысын аяқтау көзделуде
Қызылорда облысы бойынша Автомобиль жолдары департаментінің директоры Ерұлан Жүнісовтың айтуына қарағанда, бүгінде барлық учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оған 5 бас мердігер және 20 қосалқы мердігер ұйым тартылған. Көлік дәлізінің Қызылорда облысы бойынша учаскесінің құрылыс жұмыстары Дүниежүзілік банктен қаржыландырылған. Құрылыс жұмыстарына бақылау жүргізуге және жобаны басқаруға Корея, Ұлыбритания, Канада елдерінен танымал компаниялар мен білікті мамандар тартылған. Қазақстан тарапынан «Қазжолжобалау» компаниясы қатысуда. Магистральді жобалау барысында Қызылорда, Жаңақорған, Арал қалалары мен Шиелі және Жусалы ауылдарын айналып өту жолдары қарастырылған. Бұндай шешім бүгінгі күні осы елді мекендер арқылы өтетін жолдағы көліктердің ағынын азайту үшін қабылданған болатын. Қызылорда облысының көп аймағы құмды жер екенін ескере отырып, жобада жол жиегіне жолақ құрылғыларын салу, ағаш отырғызу, жолдың топырақ жабындысының құламасын бекіту қарастырылған.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда облысы бойынша өтетін учаскесінің құрылысына 22624 жұмысшы тартылған. Солардың ішінде 15686 - жергілікті тұрғындар болса, 6658 жұмысшы - Қазақстанның басқа өңірлерінен келгендер», - делінген баспасөз хабарламасында.