Жыл соңына дейін мембағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға 2510 пәтер тапсырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін 2510 мемлекеттік бағдарламаға қатысушы жаңа пәтерде қоныс тойын тойлайтын болады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталған бағдарламаның екінші кезеңі бойынша тұрғын үй құрылысы Сарайшық көшесінің оңтүстігінде, сондай-ақТілендиев даңғылының оңтүстігінде жүргізіліп жатыр. «Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында Астана қаласының әкімдігі нақты жұмыстар жүргізді. Бұдан басқа, несиелік баспана салу жоспарын уақытылы орындамауға кейбір бас мердігерлердің келісімдік міндеттемелерін орындамауы әсер етті. Бұл келісімдерді бұзып, жаңа мердігерлік ұйымдар таңдауға әкеледі, нысандар құрылысының мерзімдерін бұзады», - деді қалалық Құрылыс басқармасының қызметкерлері. Таратылған мәліметтерге сәйкес, елордада 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бүгінде жалпы ауданы 261,5 мың шаршы м 5674 пәтер пайдалануға берілді.