13:31, 15 Сәуір 2009
Жыл соңына дейін республикамыздың барлық аймақтарында электр энергиясының сараланған тарифтері енгізілетін болады
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы жылдың соңына дейін республикамыздың барлық аймақтарында қуатты халықтың тұтыну көлеміне байланысты электр энергиясының сараланған тарифтері енгізілетін болады.Бұл туралы бүгін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге арналған алқасында Агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, мұны енгізу нәтижесінде энергия ресурстарын және тұтынушылардың қаражаттарын үнемдеуге қол жеткізілетін болады. «Сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің тікелей қатысуымен ауыз суға оның көлеміне қарай сараланған тарифтер енгізілді. Бұл жұмысқа сәуірдің 9-ында Алматы әкімдігінде өткен кеңесте Мемлекет басшысы оң бағасын берді. Елбасы мұндай тәжірибені Қазақстан бойынша қолдану қажеттігін айтты. Өйткені сараланған тарифтердің енгізілуі республикамыздағы барлық су каналдары кәсіпорындарына желілерді жөндеу проблемасын шешуге мүмкіндік береді», - деген Н. Алдабергенов, бұл тәжірибе ағымдағы жылда еліміздің өзге де аймақтарында қолданылатынын атап өтті. Агенттік төрағасы сондай-ақ энергияны үнемдеу жұмысының бірқатар нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, электр энергиясына тәулік зоналары бойынша республиканың барлық өңірлерінде сараланған тарифтер, мәселен халық үшін ? қос зоналық, заңды тұлғалар үшін - үш зоналық тарифтер енгізіле бастаған. Бұл ретте әртүрлі өңірлердегі түнгі зона тарифі қолданыстағы бірыңғай тарифтермен салыстырғанда 2,5-тен 4,5 есеге дейін төмендетілген.