Жыл соңына дейін солтүстік өңірлерге 4,5 мың адам қоныстанады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова солтүстік өңірлерге қоныс аударатындарды қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыс күші көп өңірлер мен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар арасындағы демографиялық айырманы теңестіру үшін ішкі ұтқырлықты ынталандыру жұмыстары басталды. Биыл «Серпін», «Ауыл Аманаты», «Ауыл - ел бесігі», «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламалар арқылы 33 мыңнан астам адамға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл санаттағы азаматтарды қолдау үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Көшіп келушінің жұмыс беруші растайтын жұмыс орны болған жағдайда, бұл азаматқа тұрғын-үй құнының 50 пайызы мөлшерінде, бірақ 4 миллион теңгеден аспайтын сертификат беріледі», - деді Т. Дүйсенова Үкімет отырысында Көші-қон саясаты тұжырымдасын іске асыру барысын талқылау кезінде

Осы орайда министр осындай сертификатты 224 отбасы алғанын айтты.

«Экономикалық ұтқырлық сертификаттарын берудің оң нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Жыл соңына дейін солтүстік өңірлерге тағы 4 512 адамды (қоныс аударушылар мен қандастар) қоныстандыруды жоспарлап отырмыз», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанға негізінен қай елдің азаматтары қоныс аударып жатқаны анықталды.