Жыл соңына дейін үш бағыт бойынша жүрдек пойыздар жолға шығады - «Жолаушылар тасымалы» АҚ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ 8 айдың ішінде 13,6 млн. жолаушы тасыған, олардың ішінде тек жазғы үш айда (маусым-тамыз) 5,9 млн. жолаушы (43 пайыз) тасымалдау қызметін тұтынған. Бұл өткен жылдың жазғы кезеңімен салыстырғанда, 27 мың жолашуыға көп, делінген компанияның хабарламасында.

Статистикалық деректер бойынша, жүрдек пойыз қызметіне деген сұраныс артқан, жаз айларында жүрдек пойыздармен 298 мың жолаушы тасымалданған, бұл өткен жылғыдан 76 мың адамға көп.

«Жаз мезгілінде халықты баратын жеріне дейін тасымалдап, жеткізуді қамтамасыз ету үшін 122 бағыт бойынша пойыз қатынасы ұйымдастырылды. Үш шалғай аймақтарға, атап айтқанда, Астана-Сарыағаш, Астана- Лениногорск және Ақтөбе-Орал бағыттары бойынша пойыздар күнделікті жүретін болды. Екі жақын қалалар маршруты бойынша қозғалыс мерзімділігі ұлғайтылды, күніне екі рет жүретін Астана-Қарағанды пойызы күніне үш ретке ауыстырылды, Астана-Бурабай курорты бойынша бағыт 1 реттен күніне 2 рет жүретін болып өзгертілді», делінген хабарламада.

Ағымдағы жылдың соңына дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ Астана-Қызылорда, Астана-Өскемен және Алматы-Өскемен бағыттары бойынша үш жүрдек пойызды іске қосуды жоспарлауда. Халықаралық қатынастағы пойыздарға билет сатып алуға уақытына қарай 10-нан 30 пайызға дейін жеңілдіктер енгізілген (15 тәуліктен 45 тәулікке дейін). Ал жүрдек пойыздарға вагон түріне қарай («Гранд», «Бизнес») 10 пайыздан 25 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған.