Қазірдің өзінде республика өңірлерінде жылжымалы ұтқыр ХҚК Орталықтары жұмыс істейді және автокөлік құралдары мен жүргізуші куәліктерін тіркейтін жаңа орталықтар ашылуда. Бұл туралы Pm.kz сайтына ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Биыл Қазақстанның 4 облысында автокөлік құралдары мен жүргізуші куәліктерін тіркеу саласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылатын болады.
Көлік және коммуникация министрлігінің ақпарына қарағанда, Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларында орталықтар құру үшін ақпараттық жүйені техникалық дайындау жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылы осындай ұйымдарды басқа өңірлерде де құру жоспарлануда. Атап өту керек, жаңа орталықтарда қызметкерлердің практикалық емтихан тапсыру нәтижесіне әсерін болдырмайтын «автоматтандырылған автодорм» жүйесі қолданылмақшы.
Сонымен қатар, республиканың 16 облысының әрқайсысында шалғай ауылдарға шығып, ондағы тұрғындарға қызмет көрсететін бір-бір ұтқыр ХҚКО іске қосылған.
2012 жылдың соңына дейін тағы да 56 жылжымалы ұтқыр ХҚКО іске қосылады. Көлік және коммуникация министрлігі хабарлағандай, І жартыжылдықта ХҚКО 3 699 рет сапарға шығып, 81 444 мемлекеттік қызмет көрсеткен.
Халыққа қызмет көрсететін 28 орталыққа мемлекеттік қызмет көрсететін жаңа бизнес-үрдістер енгізілген. Сонымен қатар, азаматтарды орталық мемлекеттік органдар басшыларының on-line қабылдауы іске қосылған, жұртшылықпен кері байланысты қамтамасыз ететін және ХҚКО жұмысына on-line режімінде бейнемониторинг жүргізетін Ситуациалық орталық құрылған. Бұдан басқа, өткен жарты жылда көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мақсатында ХҚКО-ның 3 102 қызметкерін аттестациялау жүргізілген.
Қазіргі кезде ХҚКО арқылы 7 мемлекеттік органның 59 қызмет түрі көрсетіледі. Қазірде мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтер тізіліміне түзетулер енгізуде, бұл 2012 жылдың соңына қарай 20 мемлекеттік органның 156 қызмет түрін көрсетуге мүмкіндік беретін болады.
Орталықтар жұмысының жаңа форматқа көшуі құжаттар алу процедурасын оңтайландыруды, жұртшылыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыруды, сондай-ақ олардың мониторингісі мен сапасын бағалауға арналған құралдарды жасауға мүмкіндік береді.