16:30, 25 Қыркүйек 2013
Жыл соңына қарай Күләш Байсейітова туралы фильм көрерменге жол тартады - М. Құл-Мұхаммед
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жыл соңына қарай Күләш Байсейітова туралы 12 сериялы фильм көрерменге жол тартады. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
Министрдің айтуынша, «Халық тарих толқынында» бағдарламасын әзірлеу аясында республикалық телеарналарда 25 арнайы цикілдік хабарлардың жүйесі жасалған. Аталған хабарларды жасау барысында олардың ғылыми деңгейде болуы үшін 40-тан астам сарапшы тартылған. Сондай-ақ, қазіргі кезде «Қазақстан» ұлттық арнасының барлық өңірлік филиалдарында осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстан» ТРК «Сақтар», «Ғұндар», «Үйсіндер» атты үш үлкен фильмді аяқтайды. Сонымен бірге «Ұлы дала құпиялары» атты 8, «Дәуір дәлізі» атты 12 сериялы фильмдердің Абылай ханның 300 жылдығына байланысты фильмнің жүйесін жасады. Дәл осындай жұмыс «Хабар» арнасында да жүзеге асырылуда», - деді М. Құл-Мұхаммед. Оның атап өтуінше, министрлік Қазақстаннің арғы тарихы ғана емес, бергі тарихын зерделеу ісіне де ден қойып отыр. «Қазір «Хабар» арнасынан Бауыржан Момышұлы туралы 4 сериялы, «Қазақстан» ТРК Қасым Қайсенов туралы 4 сериялы фильм және жылдың аяғында «Хабар» арнасында Күләш Байсейітова туралы 12 сериялы фильмдер жоспарланған», - деді министр.