12:50, 08 Маусым 2009
Жыл соңына қарай жұмыссыздық деңгейі төмендейді - Үкімет басшысының орынбасары
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/- Жұмыссыздық 7,2 пайыз деңгейінде тұрақтанып отыр және жыл соңына қарай бұл көрсеткіш төмендейді. Бұл туралы бүгін Ақордада Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, елімізде жұмыссыздық жыл басынан бері биылғы жылғы мамырдың 1-інде 6,6 пайыздан 7,2 пайызға өсті. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша мамырдың 1-інде еңбекпен қамту стратегиясы іске қосылып, жұмыссыздық 7,2 пайыз деңгейінде тұрақтанды. «Жол картасы» аясында атқарылып жатқан шараларды есепке алғанда бұл көрсеткіш төмендейтін болады», -деді Е. Орынбаев.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты жұмыспен қамту шаралары, оның ішінде қазақстандық мөлшер бойынша жасалған меморандумдар, коммуналдық шаруашылыққа бөлінген қаржы жұмыссыздық санының өсуін тежеген айтып өтті. «Бұл көрсеткіш 7,2 пайыздың орнына 15 немесе 16 пайыз болуы мүмкін еді. Атап айтқанда, бұл бағыттағы жұмыстарды қадағалап отыруымыз қажет»,-деп тапсырды Елбасы.