13:28, 09 Сәуір 2009
Жыл соңында облыстар мен қалалардың әкімдері денсаулық сақтау мәселелері бойынша есеп береді ?Ж. Досқалиев
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жыл соңында облыстар мен республикалық маңыздағы қалалардың әкімдері денсаулық сақтау мәселелері бойынша есеп береді.
Жүктелген міндеттерін дұрыс орындамаған әкім орынбасарларына қатысты тиісті шаралар қолданылады. Бұл туралы бүгін Ана мен бала өлімін азайту үшін шұғыл шараларды қолдану республикалық штабының кеңейтілген отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен өткен кеңеске барлық аймақтар мен Алматы және Астана қалалары әкімдерінің орынбасарлары,, аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, сондай-ақ ана мен баланы қорғау жөніндегі республикалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету жайы пысықталып, өткен жыл ішінде ана мен сәбилердің өлімін азайту бойынша салалық бағдарламаның жүзеге асырылуына жүргізілген мониторингтің нәтижелері қаралды. «Біз бүгін ана мен нәресте өлімі жекелеген шаралардың толық ұйымдастырылмауы салдарынан орын алған оқиғаларды қарастырып отырмыз. Олар ? уақтылы есепке алынбау, науқасқа диагностика қойып, медициналық көмектің көрсетілмеуі және одан кейінгі бақылаудың дұрыс жүргізілмеуі. Осы жыл соңында облыстар мен республикалық маңыздағы қалалардың әкімдері денсаулық сақтау мәселелері бойынша есеп береді. Осы салада өздеріне жүктелген міндеттерін дұрыс атқармаған әкімнің орынбасарларына қатысты тиісті қорытындылар шығарылатын болады», - деді Ж.Досқалиев.