Бұл туралы Агенттіктің тілшісіне берген сұхбатында қалалық Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина айтты.
Ә.Бимендинаның айтуынша, биыл «100 мектеп» бағдарламасы шеңберінде 3600 орындық үш мектеп іске қосылды. Олар: Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы №63, Степной гараждар кооперативіндегі №64 және Тілендиев даңғылы бойында салынған №65 мектептер.
2011 жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде тағы төрт орта білім беру мекемесі есіктерін айқара ашатын болады. Олар: Тілендиев даңғылы бойында (1200 орын), Есілдің сол жағалауындағы әкімшілік орталықта (1200 орын), Көктал шағын ауданында (800 орын) және Ильинка кентінде (1200 орын) орналаспақ.
«Көші-қон ағынын қоса алғанда қазір мектептердегі орын тапшылығы 14 мыңға жуық. Бүгін Астанадағы 66 мемлекеттік және 13 жекеменшік мектептерде барлығы 74 мың бала білім алады», - деді ол.