Жылдық инфляция 6,9-7,5 пайыз аралығында болжануда - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қорытындысында инфляция 6,9-7,5 пайыз аралығында болады деп болжануда. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мен тарфтердің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша алдын алу шараларын қабылдау қажет.

«Өңірлердің әкімдері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Өңірлік тұрақтандырушы қорларда негізгі азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ күнделікті баға мониторингін жүргізу, тапшылыққа жол бермеу және нарықты қажетті азық-түлік тауарларымен толықтыру үшін тұрақтандырушы қорлардың ресурстарын тиімді пайдалану аса маңызды», - деді Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар ол Энергетика министрлігі өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, жылыту маусымы кезеңінде жанар-жағар май материалдарына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуі қажеттігін баса айтты.

«Жоғарыда аталған алдын-алу шараларын есепке ала отырып, 2017 жылдың қорытындылары бойынша инфляция деңгейін 6,9-7,5 пайыз аралығында болжамдаймыз», - деді министр.