«Қазіргі таңда Қазақстанда 8 театрымыз академиялық мәртебеге ие. Өздеріңіз білесіздер, мәдениет туралы заңнамаға сәйкес, академиялық және ұлттық мәртебе беру ережесі бекітілген болатын. Бүгінде академиялық мәртебе беру ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен, ал ұлттық мәртебе Президенттің Жарлығымен беріледі. Аталған 8 театрдың арасында ұлттық биік мәртебеге лайықтылары бар. Бұл тұрғыда олар өздерінің өтініштерін бізге ережеге сәйкес тапсырады»,-деп тоқталды Н. Ахметжанов.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда 90 жылдығын тойлап отырған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, сондай-ақ тағы біраз театрлар ұлттық мәртебеге ережеге сәйкес құжаттарын тапсырып жатыр. Осы орайда министрлік жанынан тиісті комиссия құрылды.
«Егер де аталған ережедегі талаптарға сай болып жатса, бұл тетрлар жылдың аяғына қарай ұлттық мәртебеге ие болады деген ойдамыз. Театрларымызды ынталандыру мақсатында енгізілген ережелер бойынша, егер театр академиялық мәртебеде 10 жыл жұмыс істесе, ұлттық деңгейге өтініш беруге құқылы. Атап айтқанда, бұл бағыттағы шаралар заңнама щеңберінде шешіліп жатыр»,-деп түйді Н. Ахметжанов.