«Биылғы бірінші жартыжылдықта 71,6 млрд. теңгенің 34 жобасы іске қосылып, 2,3 мың тұрақты жұмыс орын құрылды. Жылдың соңына дейін 484 млрд. теңгенің 112 жобасы тапсырылады. Бұл тұрғыда 12 мың тұрақты жұмыс орны қамтылмақ», - деді С. Карплюк.
Оның сөзіне қарағанда, жылдың соңына дейін жоспарланған 146 млрд. теңгенің 22 жобасы бекітілген мерзімнен қалыс келе жатыр және олардың іске қосылуы уақытылы болмауы мүмкін деген күдік бар.
«Осы орайда әкімдіктерге тиісті тапсырмалар беріп, бұл мәселені бақылауға алып, бұл жобалар уақында іске қосылуы үшін алдағы төртінші тоқсанда барлық қажетті шараларды атқару керек», - деді С. Карплюк.
Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев әкімдіктерге проблемалық жобаларды жыл соңына дейін іске қосуды, сондай-ақ биылғы жылға жоспарланған жобаларды уақытылы тапсыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.