«Жылдың ұлттық спорттық жүлдесі»: Алдын ала нәтижелер белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті ұйымдастырған «Жылдың ұлттық спорттық жүлдесі» үшін үміткерлерге дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Байқауды ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен «Хабар» агенттігі ұйымдастырды.

Осы уақытқа дейін 200 мың дауыс берілген. ҚР ҰОК сайтында дауыстарды онлайн қабылдау 28 қараша күні сағат тура 23:59-да аяқталды.

Дауыс беру аяқталар сәтте 9 номинация бойынша нәтижелер келесідей болды. Атап айтқанда, велошабандоз Алексей Луценко, фристайл және акробатика бойынша Жанбота Алдабергенова, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, бокстан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкерлері Мырзағали Айтжанов пен Мәдіғали Қарсыбеков, Қазақстан триатлон федерациясы, Алматы қаласының мәдениет және спорт басқармасы, «Астана» ФК мен садақ атудан ерлер құрамасы қарсыластарына  қарағанда ең көп дауыс жинады.

«Нәтижелер 30 қараша күні Астанада «Жылдың ұлттық спорттық жүлдесін» тапсыру салтанатты рәсімінде жарияланатын болады», - дейді байқау ұйымдастырушылары.