Жылқы атқан барымташылар ұсталды - Павлодар облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шалдай-Павлодар» автожолына жақын Шарбақты ауданы ауылдарының бірінде «Ауди» көлігімен ұрланған жылқы етін алып кетіп бара жатқан барымташылар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облыстық ІІД хабарлағандай, полиция қызметкерлері «Ауди» көлігінен 51 жастағы жүргізуші мен 43 жастағы жолаушыны тоқтатқан.

«Автокөлікті тексеру барысында багаждан құжаты жоқ жылқы еті мен терісі, «ТО3-8» маркалы шағын калибрлі винтовка мен 5,6 мм-лік гильза, арқан мен үш пышақ табылды. Жүргізуші жауап алу кезінде жылқыны Шығыс Қазақстаннан сатып алғанын айтқан. Кейін құқық қорғаушылар анықтағандай, күдіктілер Аққулы ауданында жергілікті тұрғынға тиесілі жылқылардың бірін атып түсіріп, сойып алған. Осыдан кейін етті тиеп, қалаға шығып кеткен. Алайда етті сатып үлгермеген. Олардан тәркіленген винтовка ішкі істер органдарында тіркелмеген болып шықты» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ұсталғандар Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша (188 (ұрлық) және 287 (қаруды заңсыз ұстау) қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.