Жылқы жылында баршаңызға денсаулық, берекелі тұрмыс, отбасылық бақыт тілеймін! - Маңғыстау облысының әкімі

None
АСТАНА. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев маңғыстаулықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Құрметті маңғыстаулықтар!

Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Таңбалы тарих парағында айшықты оқиғаларымен өзіндік із қалдырған кезекті жылмен қоштасып, арман мен үмітке толы жаңа жылымызды қарсы аламыз.

Әр өткен жылдың өзіне тән ерекшеліктері бар. 2013 жылы біздер облысымыздың 40 жылдығын және Ақтаудың 50 жылдығын атап өттік. Өсіп-өркендеу жолында өңіріміз жүрісінен жаңылмай, аршындап алға басуда. Шын ниетпен қолға алып, үлкен үміт артқан жоспарлы жұмыстарымыздың біразы жүзеге асқан жылмен риза пейілмен қоштасамыз.

Біз қашанда өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан жақсы үміт күтетін халықпыз. Болашақты айқын бағдарлаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда елеулі табыстарға қол жеткіздік.

Ең бастысы - еліміз аман, жұртымыз тыныш!

Осының бәрі татулықты ту етіп, ынтымағы жарасқан халқымыздың - Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі екендігін ескеріп, бүкіл маңғыстаулықтарға ризашылығымды білдіремін!

Есік ашып енгелі тұрған бұл Жаңа жыл - біздің еліміз үшін тағы да маңызды жыл болары сөзсіз. Жаңа жыл қашанда жаңа жетістіктерге жетелейді. Сондықтан, алға қойған жаңа мақсаттарды орындауда барша қазақстандықтар, оның ішінде Маңғыстау облысының жұртшылығы зор еңбек тартуларымен, жеке өнегесімен айшықты үлес қосады деген сенімдемін.

Құрметті достар!

Жаңа жыл - әр отбасына жылулық әкелетін, көңілге үміт пен сенім ұялатып, шапағат пен шаттық, мейірім мен ізгілік сыйлайтын жасампаз мереке!

Жаңа 2014 жылы - Жылқы жылында баршаңызға денсаулық, берекелі тұрмыс, отбасылық бақыт тілеймін!

Келешегіміз баянды, ұрпақтарымыз несібелі болсын!

Жаңа жыл құтты болсын!