Жылқыны қаққан көлік жүргізушісі ес-түссіз жатыр - Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 6 жылқыны көлікпен қағып кеткен жүргізуші ес-түссіз жатыр. 1995 жылғы азаматтың миына және өкпесіне қан кеткен, бауыры жарылған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаратал аудандық ауруханасының бас дәрігері Біржан Құмаровтың айтуынша, қазір науқас жан сақтау бөлімінде. Жағдайы өте ауыр. Өкпесіне, миына қан кеткендіктен оған шұғыл түрде операция жасалған.  Көлікті тізгіндеген жүргізушінің бауыры жарылып, 6 қабырғасы да сынған. Қазір 1995 жылғы азаматқа  арнайы тыныс алу аппараты қосылған. Ал жол көлік оқиғасы кезінде көлік ішінде болған жолаушының жағдайы орташа дейді, дәрігер. 1999 жылғы жігіт бас-ми жарақатын алған. Екі қабырғасы сынған. Қазір екі науқастың  жағдайы  дәрігерлердің жіті бақылауында. 

Естеріңізге сала кетейік, біз бұған дейін көлік жүргізушісінің 6 жылқыны қағып кеткендігі жайлы хабарлаған болатынбыз . Оқиға Үштөбе-Талдықорған тас жолының 26-шы шақырымында, таңғы сағат төрттер шамасында  болған.