Жылтыр мұз басқан күре жолдың бойында 65 автокөлік қақтығысып қалды

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Американың Массачусетс штатында ірі жол апаты орын алды, деп хабарлады Boston.com. Басылымның берген ақпараты бойынша, жол бойында 65 автокөлік, үш көптонналы жүк көлігі және патрульдік машина қақтығысып қалған. Оқиға салдарынан ондаған адам жарақат алып, екі адам өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Зақымданған автокөліктердің тізбесі шамамен жарты шақырымға созылып, батыс бағыттағы жолды бірнеше сағатқа жабуға тура келді.

Осындай ірі ЖКО себептерінің бірі ретінде билік өкілдері жауынды атап отыр, соның салдарынан көлік жолы кәдімгі мұз сырғанаққа айналған.