Жылу энергетикасын реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органға жұмылдыру керек - аудит
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жылумен жабдықтау саласындағы аудиторлық іс-шараның қорытындысын талқылау кезінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимыл жоспарларының өзара үйлеспеуі және жылу энергетикасын дамытуда жүйелі тәсілдің болмауы байқалып отыр. Саланы мемлекеттік реттеу бірнеше мемлекеттік органға жүктелген, олардың қатарында Энергетика, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері және әкімдіктер бар. Жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлығын реттеу үшін қазіргі кезге дейін толыққанды құқықтық негіз жоқ. Бұл тұрғыда жаңа заң жобасына үміт артып отырмыз», - Н. Годунова.
Оның айтуынша, саланы жалпы автоматтандыру және цифрландыру атқарылмаған. Жалпы цифрландыру болса, онда жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жай-күйі туралы нақты жағдайды анықтауға мүмкіндік жасалады. Осы мәселені шешу үшін жылу энергетикасын реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органға жұмылдыру керек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палата жылумен жабдықтау саласында қаражатты тиімсіз игеру деректерін анықтады.