Жылу энергия тарифін белгілеу саясаты қайта қарала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік осал тұтынушыларды жылумен қамту үшін тікелей бюджеттік қолдау тетігі қолданылмақ. Бұл туралы Мәжілісте «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасын таныстырған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заң жобасының бастапқы нұсқасында табиғи монополиялар субъектілерінің барлық негізделген шығындарын ескеретін тарифтік әдістемені бекіту функцияларын Энергетика министрлігінің өкілеттігіне беру арқылы саланың жай-күйін жақсарту және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін жылу энергетикасы саласындағы тариф белгілеу саясатын қайта қарау көзделгенін атап өту қажет. Алайда, келісу барысында бұл нормаларды табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган қолдамады. Бұл ретте, аталған жоба тарифтік реттеудің нақты әрі толық қағидаттарын және жылу энергиясына реттелетін тарифтер сәйкес келуі тиіс өлшемшарттарды, атап айтқанда тарифтік әдістемені жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз ету, инвестициялар тарту мүмкіндігін белгілейді», - деді министр.

Оның айтуынша, жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негізделген деңгейге келтіру және халық арасында әлеуметтік шиеленісті туғызбау мақсатында жылумен жабдықтау субъектілерін емес, осал тұтынушыларды тікелей бюджеттік қолдауды жүзеге асыру тетігі көзделген Бұл механизм инвестицияларды тартуға, сондай-ақ жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, заң жобасы энергия тиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздерін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне енгізудің экономикалық және техникалық орындылығы жағдайында дамытуға ынталандыру, саланы, оның ішінде пайдаланылатын отын бөлігінде мониторинг құралдарын енгізу бөлігінде нормаларды көздейді», - деді Алмасадам Сәтқалиев.