Жылына 4 млрд. текше метр су жіберіліп тұрса, алдағы он жылда Арал теңізінің айдыны суға толады

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Үстіміздегі жылдың басынан бері Көкарал тоспасы арқылы Үлкен теңізге 2,8-3 млрд. текше метр су жіберілді. Енді жыл сайын бұл жерден 4 млрд. текше метр су жөнелтіліп тұрса, алдағы он жылда Арал теңізінің айдыны суға толатын түрі бар.

Бұл үшін алдымен Кіші теңіздің деңгейін тағы 7-8 метрге көтеріп, ондағы судың мөлшерін 60 млрд. текше метрге жеткізу керек. Бұл мұнда әлі 33 млрд. текше метр су керек деген сөз. «Мамандар судың бір жылдары көп, бір жылдары аз болуынан суды жеткізе алмауымыз мүмкін деген қауіп айтып отыр, - дейді осыған орай облыс басшысы. - Бірақ біз Шардарадан Арнасайға, Айдаркөлге соңғы 15 жылда 50 млрд. текше метр суды жіберіп, қазір онда екінші Арал пайда болды». Демек, Сырдың арнасымен келіп, Көкаралға құйылып жатқан қазіргі судың мөлшерімен де біртіндеп Арал теңізін толтыруға болады.