Жылжымалы көлік постыларының қатары көбеюде - Көлік және коммуникация министрлігі

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының «Қызыл жар» көліктік бақылау бекетінде аумақтық инспекцияларға 16 жылжымалы көлік бақылау постыларын тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Жаңа автомобильдердің кілтін Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек тапсырды.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылжымалы посттарды енгізу тасымалдау қауіпсіздігін арттыру және республиканың барлық аумағында көліктік бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігімен негізделеді. Сонымен бірге, автомобиль жолдары желісін сақтау, шаруашылық субъектілеріне, жолаушыларды заңсыз жөнелту орындарына нақты және сапалы тексерулерді жүзеге асыру, сондай-ақ стационарлық көліктік бақылау бекеттерін айналып өту фактілеріне жол бермеу маңызды аспектілер болып табылады.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында ағымды жылдың 12 наурызынан бастап жылжымалы көліктік бақылау постыларының жұмысы ұйымдастырылды.

Жылжымалы көліктік бақылау постыларының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында, қалалар мен өзге де елді мекендердің шегінде, сондай-ақ стационарлық көліктік бақылау посттарынан тыс жерлерде автокөлік құралдарын тоқтату құқығы бар.

Қазіргі уақытта республиканың автомобиль жолдарында 25 жылжымалы көліктік бақылау постыларымен 80 бағыт бойынша көліктік бақылау жүзеге асырылады. Бүгін берілетін 16 жылжымалы постқа қоса келесі жылы қосымша 8 автомобильді сатып алу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, аталған автомобильдерді сатып алу үшін республикалық бюджеттен 255 млн. теңге қаражат жұмсалды.

Жылжымалы пост «Хундай» маркалы автомобильдің негізінде жасалған, навигация жүйесімен, сыртқы және ішкі бейнебақылау, арнайы бағдарлама, электронды таразы, түтін өлшегіш, газталдауыш және басқа да бақылау-өлшеу құрылғыларымен жабдықталған.

Сонымен бірге, автокөлік құралдарын бірнеше рет тексеруді болдырмау, сыбайлас жемқорлық сипаттағы бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында жылжымалы посттар Көліктік бақылау комитеті бекіткен кестелер мен бағыттар бойынша жұмыс істейді және онлайн режимінде бақыланып отыратын болады.

Ағымды жылдың 10 айында жылжымалы көліктік бақылау постыларымен 18830 бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 234 млн.теңге айыппұлдар мен алымдар өндірілді.