15:59, 01 Сәуір 2009
Жылжымайтын мүлік нарығында қалыптасқан проблемаларды шешуді қажет ететін 208 нысан бар ? В. Школьник
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жылжымайтын мүлік нарығында қалыптасқан проблемаларды шешуді қажет ететін 208 нысан бар. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында, тұрғын үй құрылысындағы үлескерлермен қалыптасқан жағдай және олардың проблемалы мәселелерін заңнамалық реттеу жөніндегі жұмыс қорытындысына орай түсініктеме берген Индустрия және
сауда министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкімет үлескерлер қатысатын құрылыс жұмысын қолдауға бағытталған шараларды қолға алғалы бері, яғни 2007 жылдың қыркүйегінен бастап, республикада 62 мың үлескер бар 450 тұрғын үй кешені салынды. Өткен кезеңнен бүгінгі күнге дейін 22 мың үлескер қатысатын проблемалы 166 құрылыс нысанының жұмысы аяқталды. Оның ішінде, үш нысан ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында бітті. Бүгінгі күні республика бойынша жылжымайтын мүлік нарығында қалыптасқан проблемаларды шешуді қажет ететін 208 нысан бар. Бұл нысандардың құрылысына 44 мың үлескер қатысады. Оның ішінде Астана бойынша үлескерлер саны - 23,8 мың, ал Алматыда 12,4 мыңды құрайды», - деді В. Школьник. Оның айтуынша, үлескерлер мәселесін шешуге бағытталған жүйелі тетік айқындалып, қажетті бюджеттік шығындар бөлінген. Бұл бағытта осыған дейін белгіленген 140,7 млрд. теңгеден басқа қосымша 150 млрд. теңге Жылжымайтын мүлік қорына бөлінеді. «Бұндағы Жылжымайтын мүлік қоры үлескерлер мәселесін шешетін негізгі құрал болып табылады», - деді министр.