Жылжымайтын мүлік нарығындағы келісім саны 31% ұлғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда 50,7 мың келісім жасалған, бұл 2016 жылғы кезеңнің сатып алу деңгейімен салыстырғанда 31% көбірек, деп хабарлайды ranking.kz.

2016 жылы тұрғын үй жылжымайтын мүлік нарығы жандана түсті және 2017 жылы экономикалық өсім қарқынының баяулауына және инфляция қысымына қарамастан жандану үрдісі жалғасты. Осылайша, 2016 жылы тұрғын үй сатып алу бойынша 190 мыңнан астам келісім бекітілді. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 15% көбірек.

2014-2015 жылдары ұлттық валютаның екі фазалы девальвациясы кезінде сатушылар мен сатып алушылар сатылым нысандарын әділ бағалау негіздерін таба алмады, шаршы метр құны бір айда 5% дейін қымбаттап кетуі мүмкін еді.

Алайда, 2016 жылдың екінші тоқсанында нарық қатысушылары сабасына түсті - оған валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру ықпал етті - бағалар да іс жүзінде өзгеруді қойды.

Қазақстандықтар табысының сатып алу қабілетінің өскені туралы хабарламалар да тұрғын үйді сату мен сатып алу нарығындағы қарқынды жеделдетуге әсер етуде. 2016 жылы Қазақстанда нақты табыс төмендеді, алайда сатып алушылар девальвацияның жаңа толқынынан қауіптеніп, баспана алуға асықты.

Биыл халықтың нақты ақшалай табыс индексі жоғарылады - бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0,6% (қаңтар-ақпан) өскен. Аталған факт және инфляцияны тоқтату тұрғын үй нарығындағы белсенділік қарқынын арттыруға септігін тигізуі мүмкін.