Нарықтық экономикаға байланысты неше түрлі дау-дамайлардың көбеюі, жаңа таным-түсініктің қалыптасуы себепті құқық қорғау саласында да жаңа реформалар жасауға тура келуде. Құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен еліміз заңдарын халықаралық нормаларға сәйкестендіріп, оларды жылдан-жылға жетілдіруде. Десек те, күнделікті тұрмысымызда дау-шарлардың көбейіп кеткені сонша, тіпті, оларды шешу тетіктерін жаңа заңдарда қарастырып үлгеру қиынға соғуда. Осындай түйткілді мәселенің бірі, нарық заманы басталғалы өзекті болып келе жатқан - жылжымайтын мүлік төңірегіндегі алаяқтық. Осы күнге дейін еліміз бойынша алаяқтардың арбауына түсіп, адал еңбек, маңдай терінің жемісі - баспаналарынан айырылғандардың тізімін жасайтын болсақ, том-том болары сөзсіз.
Бұл ретте, қылмыстық жолға түскен жалған риэлторлық компаниялардың «еңбегін» атап өтуге болады. Олар іздеушісі жоқ жалғызбасты қарияларды немесе маскүнемдікке салынған азаматтарды ұзақ уақыт зерттеп, алдап-арбау арқылы сенімхатқа қол қойғызып алады да жылжымайтын мүлікті қалағандарынша, бірнеше тұлғаға сатады. Соңғы кезде бұл қылмыстың етек алып, дамығаны сонша, тіпті, орын алған құқықбұзушылықты дәлелдеу өте қиын болып тұр. Себебі, бұл «бизнеспен» айналысатындар қолданыстағы заңдарды әбден оқып, үйреніп, «бақайшағына дейін қаруланғандар». Олар заңнаманың «солқылдақ» тұстарын өз істеріне тиімді пайдаланып отырады. Былайша айтқанда, қылмыстың «дамуы» заңнамалардың заманға сай жетілдірілуіне ілесе алмауда. Алаяқтықтың түрі көп. Баспанасын сенімхат арқылы немесе қоқан-лоққы арқылы бопсалау құқық қорғау саласы мамандарының арнайы сауаттануын қажет ететін қылмыстық үлкен бір қордаланған салаға айналды. Оны еліміздің заңгерлері де күнделікті мысалдар арқылы қоғам назарына ұсынып жүр. Осы мәселеге алаңдаған билік өкілдері мен ел қалаулылары «сенімхат» деген құжатты жою туралы ұсыныс тастап жүр.
Соңғы кезде осы олқылықты толтыру мақсатында «жылжымайтын мүлікке сенімхат беруді тоқтату керек» деген пікірлер айтылуда. Алайда, сондай заң қабылданған күннің өзінде оның аталмыш қылмыстың ауыздықталуына қаншалықты ықпал ететіні белгісіз. Сосын бұл тыйымның екінші жағы бар. Осы сенімхат арқылы жылжымайтын мүліктерін заңды түрде рәсімдеп жүрген азаматтардың құқығы тапталмай ма? Басқа қалада тұратын немесе аурушаң, жүріп-тұруы қиын кәрі кісілер, кәмелетке толмағандар неге зардап шегуі тиіс? Дұрыс, қылмысты жою үшін заңнамаларымызды қатаңдатып, толықтырып, жетілдіріп отыру қажет-ақ, бірақ, заңға бағынушы қарапайым халықтың мүддесі де назардан тыс қалмауы керек. Негізі, тыйым салғанның орнына сол сенімхат берумен айналысатын орындардың, яғни, нотариустардың жұмысына бақылауды күшейткен жөн. Бәріне бірден күйе жағуға болмас, десекте, «Бір қарын майды шірітіп жүрген құмалақтар» жетерлік. Нотариус қызметін табыс көзіне айналдырғандар басы артық ақша берсеңіз кез келген құжатқа мөрін басып, растап беруге дайын. Жылжымайтын мүлікті рәсімдейтін органдар сенімхат заңды құжат болғандықтан оның қайдан шыққанын тексеріп жатпайды. Яғни, қылмыстық топтарға қол ұшын беріп, заңбұзушылыққа барған нотариустарға қолданылатын жазаны қатайту керек.
Тағы бір мәселе - халықтың құқықтық сауаты. Әсіресе, зейнеткерлер арасында құқықтану насихатын күшейткен абзал. Мәселен, «Медиация туралы» заңның жұмыс істей бастағанына біраз уақыт өтсе де халық арасында бұл заңнамадан хабарсыздар көп. Бұл әлі де болса елімізде құқықтық насихаттың төмендігін көрсетеді. Ал, керісінше, қылмыс әлеміндегілер кез келген жаңадан шыққалы жатқан заңды тез арада зерттеп, оны айналып өту жолдарын заңнама шығам дегенше ойластырып қояды. Сондықтан, халықты құқықтық сауаттандырудың маңызы ерекше. Бұл тұрғыда құқық қорғау органдарының БАҚ-пен қарым-қатынасын жүйелі жолға қойған жөн. Телеарналардағы қаптаған жарнамаларға берілетін уақыттың аз ғана бөлігін құқықтық насихатқа, алаяқтардан сақтану жолдарына арнасақ, халықты алдап соғып күн көретіндердің тынысы тарылар еді. «Көршіңді ұры тұтпа, өзіңе бекем бол» демекші, әркім қандай бір іс-әрекетке барарда «екі қарап, бір шоқып» сақтық танытқаны дұрыс. Кез келген істе заңгерлердің кеңесіне жүгінгенді әдетке айналдыру ләзім. Әрбір адам алаяқтың арбауына түсіп қалып бармақ тістегенше, алданбаудың қамын жасаса, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне жеңілдік болар еді.