«Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық хип-хоп фестивалі мәресіне жетті
Отандық хип-хоп индустрияның талантты өкілдерін бір шығармашылық алаңда тоғыстырған «Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық фестивалі өз мәресіне жетті.
Жамбылдың 175 жылдығына арналған жаңа фестиваль заманауи форматта өткізілді.
Фестивальге Жамбыл ақынның мұрасынан қуат алған жас музыканттар қатысты.
Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелген қатысушылар өнерлерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Жас таланаттардың артистік шеберлігі, сөз саптауы, вокалдық қабілеттері өнер сүйер қауымның зор ықыласына бөленді.
Олардың барлығы рэп және ән партияларын қазақша орындады.
Бұл фестивальдің мақсаты – Жамбылдың мұрасын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау, ел аймақтарының өзара шығармашылық байланысын нығайту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жамбылдың мұрасын жастар арасында танымал ету, Жамбыл қалдырған өсиеттерді өскелең ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, жобаға қатысушы жастар мол тәжірибе жинағандарын жеткізді.
Солардың бірі – Қостанай қаласынан келген Денис Яковлев. Ол Жамбылдың «Угай-ай» әнін домбырамен орындады.
Жоба аясында жастар арасында танымал Kyle Ruh, Ziruza, Ray, Nei1tron, Madi Rymbaev, Soulbirkez, Esko сынды жас әртістер өнер көрсетіп, өнердегі ерекше жетістіктерімен бөлісті.
Өнер жолында тәжірибе жинап үлгерген Kyle Ruh есімімен белгілі әнші Ерік Төленов ұлы ақынның жырлары әлі күнге дейін өзекті екендігін айтты.
Фестиваль Алматы қаласында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында эксклюзивті жаңа туындылар орындалған үлкен гала-концертпен аяқталды.