ОРАЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысында шығармашылық сапармен жүрген семейлік жыршы, республикалық ақындар айтысы мен жыршы-термешілер байқауларының жеңімпазы Дүйсенғазы Нығметжанов «Жайық Пресс» ЖШС ұжымымен кездесті.
Кездесуде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин жыршы сапары облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орайластырылғанын айтып, оның жемісті болып жатқандығын жеткізді. Ақ Жайық жұртшылығын жырмен сусындатқаны үшін Д.Нығметжановқа облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғысхаты табыс етілді.
Жыршы журналистер сауалдарына жауап беріп, «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Ер Көкше» жырларынан үзінділер орындап берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).