Зимбабведе сұрапыл дауылдан кейін төтенше жағдай жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва мыңдаған үйлерді, мектептер мен ауруханаларды қиратқан сұрапыл дауылдан кейін елде төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Kazinform ТАСС -қа сілтеме жасап.

Фото: Pixabay

Бұл туралы ZBC телеарнасы хабарлаған.

Апаттың эпицентрі Масвинго провинциясының астанасы Масвинго қаласы болды. Онда күшті жел, нөсер және ірі бұршақ көптеген үйлерді, мектептер мен ауруханаларды және басқа да ғимараттарды қиратты.

Зимбабвенің жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық жұмыстар министрі Дэниэл Гарве «алдын ала мәліметтерге сүйене отырып, құтқарушылар тексерген 17 000 үйдің 90%-ы зақымдалғанын» мәлімдеді. Ұлы Зимбабве университеті, Масвинго политехника институты және Масвинго педагогика колледжі жабылып, Масвинго қаласындағы кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған.

Билік зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп жатыр.

Еске сала кетейік, Зимбабведе кеме апатқа ұшырап, 90-нан астам адам опат болған еді.