— Мен француз футболын бала кезімнен жақсы білемін. Менің жалғыз мақсатым — осы құрамамен жұмыс істеп, оның жаңа жетістіктерге жетуіне үлес қосу. Бұл — бапкерлік мансабымдағы ең бақытты күн. Сырт көзге сабырлы көрінуім мүмкін, бірақ ішімде толқыныс пен қуаныш кернеп тұр, — деді Зидан.
Жаңа бас бапкер өз қызметіне 1 қыркүйектен бастап ресми түрде кіріседі. Онымен жасалған келісімшарт 2030 жылға дейін есептелген және команданы әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатына дайындауды қамтиды.
Мәліметке сәйкес, Франция футбол федерациясы Зиданмен алғашқы келіссөздерді 2025 жылдың ақпанында бастаған. Ал өткен жылдың қарашасында тараптар ауызша келісімге келген. Әлемнің жетекші клубтарынан, оның ішінде «Реалдан» ұсыныстар түскеніне қарамастан, Зидан үшін Франция құрамасын жаттықтыру әрдайым басты мақсат болып келген.
Еске салайық, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының үшінші орын үшін өткен матчында Англия құрамасы Францияны жеңген болатын.