Зиянды өндірістегі азаматтарға берілетін төлем 85 мың теңгеден кем болмайды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға берілуі мүмкін арнайы әлеуметтік төлемнің көлемі 85 мың теңгеден кем болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Вице-министр Еңбек күніне арналған форумның алдында БАҚ өкілдеріне ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға төленетін арнайы әлеуметтік төлемнің сомасы қанша болуы мүмкін екенін айтты.

«Бұл жердегі базалық критерий – 55 жас. Ол туралы Президент те айтты. Ол үшін бізге адамның зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген еңбек өтілін анықтап алуымыз керек. Қазір біз оның еңбек өтілін міндетті кәсіби зейнетақы салымы арқылы растай аламыз. Яғни, ақпарат жүйесіндегі жұмыс беруші аударған зейнетақы төлемдерінің мерзімі жеті жылдан кем болмауы керек. Біз осы өлшемшартты шекті мөлшер деп белгілейтін шығармыз. Бұл арнайы әлеуметтік төлемді іске қосатын базалық критерий болады», - деді ол.

Ақмәди Сарбасов арнайы төлем бірнеше көзден алынатынын еске салды.

«Бұл республикалық бюджет те, өмірді сақтандыру компанияларының қаржысы да. Оның ішінде жұмыс берушінің жұмысшысына аударатын сақтандыру сыйақысы да бар. Арнайы төлемнің мөлшері әлі пысықталады. Әрине, ол 85 мың теңгеден жоғары болады», - деді вице-министр.