Зиянды жағдайда жұмыс істегендер жәрдемақы алу үшін стажы 7 жылдан кем болмасын деген ақпарат жалған

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметінше, зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін арнайы әлеуметтік төлем тағайындайтын еңбек өтілі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Фото: ҚазАқпарат

«БАҚ-та, мессенджер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан зиянды жағдайда жұмыс істеген азаматтар үшін алдағы уақытта 55 жастан бастап тағайындалатын арнайы әлеуметтік төлем үшін 7 жыл өтілі болу керек деген ақпарат жалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 22 қыркүйекте Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеновадан 55 жастап бастап зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін арнайы әлеуметтік төлем тағайындау бойынша сауалына берген жауабы журналистердің салғырттығынан бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпарат ретінде тарап отыр» деп мәлімдеді министрлік.

БАҚ-та тараған ақпаратта «зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін еңбек өтілі 7 жылдан кем болмауы керек» деп көрсетілген.

Ведомство айтуынша, журналистердің бұл ақпараты — мәселені толыққанды білмеуінің салдары. 

Қазіргі таңда арнайы әлеуметтік төлем тағайындау үшін ұсынылатын шарттардың бірі ретінде жұмыс берушінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 7 жылдан кем емес міндетті кәсіби төлемнің болуы қарастырылып жатыр. 

«Бүгінгі күні мүдделі мемлекеттік органдармен, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдерімен бірлесіп, осыған қатысты тәсілдердің қарастырылып жатқанын хабарлаймыз. Әзірленген тәсілдер бойынша ақпарат қосымша хабарланады» дейді Еңбекмин.