Зияны тиіп жатса, жерді қайтарып алуға заңды құқығымыз бар - Жер қатынастары басқармасы
Оның мәлім еткеніндей, жер шетел азаматтарына сатылмайды. Ол тек, ҚР азаматтарына берілетін құқық. Шетелдік азаматтар жерді ауыл шаруашылық мақсатта пайдалану үшін 25 жылға жалға ала алады. Дегенмен мақсатсыз пайдаланса немесе экологияға, жердің құнарына зиян келтіретін болса, ол жерлер мемлекетке мәжбүрлі түрде қайтарылады.
«Одан қорқатын ештеңе жоқ деп ойлаймын, себебі жерді мақсатты пайдалануын, заңды бұзбауын қадағалайтын нақты құзырлы органдар. Жердің сапасы, құнары түсіп кетсе, оны заң аясында жазалайтын шаралары болады. Кейін оны заңды түрде, мәжбүрлі түрде қайтарып алуымызға да болады. Егер зияны келіп жатса, ондай құқығымыз бар», - деп атап өтті А.Молдағалиев.
Айта кетейік, Ұлт Жоспары 100 нақты қадам шеңберінде 35-36 қадамдарын жүзеге асыру масатында Жер Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Жер Кодексінің жаңа нормалары былтыр қараша айында қабылданды. Ал 2016 жылдың 1 шілдесінде ол қолданысқа енеді.
Ол бойынша, ауыл шаруашылығына арналған жерлер ҚР азаматтарына және заңды тұлғаларына жекеменшікке аукцион арқылы сатылады. Ал шетелдік азаматтарға тек 25 жылға жалға беріледі. Ол еліміздің ауыл шаруашылығына шетелдік инвестициялар тартып, Қазақстанның өнімдерін молайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары да ашылады.
Жер учаскесін оның кадастрлық құнынының 50 пайызынан төмен сатуға рұқсат берілмейді. Сонымен қатар, ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларының меншігіндегі жалда тұрған жер учаскелерін сатып алу үшін жеңілдіктер беріледі. Аталған норма қазіргі жер пайдаланушылардың мүдделерін ескереді. Бұрын оларға берілген ауыл шаруашылық жер учаскелері жалға беру мерзімі аяқталғанға дейін, жеңілдік бағамен жеке меншікке сатып алуға құқық беріледі, яғни жердің кадастрлық құнының 50 пайызы мөлшерімен 10 жыл мерзімге дейін бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.