Зообақ пен көшпелі цирк қызметіне тыйым салынды: қазір жануарлар қайда
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде хайуанаттар бағы мен көшпелі цирктер қызметіне тыйым салынған. Kazinform агенттігі аталған қызметтің қазіргі жағдайы мен тыйымның орындалуы барысына шолу жасаған еді.
Еске салайық, былтыр желтоқсанда Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынатынын мәлім етті.
Осылайша Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97-VII Заңының 18-бабының 6-тармағына сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап көшпелі цирктер қызметіне тыйым салынды.
Қазір жануарлар қайда?
— Көрсетілген мерзімде қызметін тоқтатпаған және құжаттарын заң талаптарына сәйкес келтірмеген жағдайда мәселе жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша сот тәртібімен таратылады. Заңның 4-бабының 3-тармағына сәйкес егер жануарды нысаналы мақсаты бойынша одан әрі пайдалану мүмкін болмаса, жануардың иесі немесе жауапты адам жануарды өздігінен өлгенге дейін бағуды қамтамасыз етуге немесе жануарларға арналған панажайға, қажетті жағдайлар жасай алатын жеке немесе заңды тұлғаларға беруге міндетті, — деген жауап алдық Экология және табиғи ресурстар министрлігінен.
Дегенмен, министрлік 1 қаңтарда күшіне енген тыйымды бұзған жағдайда, хайуанаттар бағы мен көшпелі цирктер қызметіне әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанын айтып отыр.
Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес хайуанаттар бағы мен жануарларды қолданатын көшпелі цирк кәсібіне мемлекеттік қолдау қарастырылмаған. Одан бөлек, Экология министрлігі ел аумағында қанша хайуанаттар бағы мен көшпелі цирктер барына санақ жүргізбейтін болып шықты.
Министрлік заңмен салынған тыйымды қалай бақылап отыр
— «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның 27-бабына сәйкес қоғамдық инспекторлар және жарғысында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу жөніндегі қызметті ұсынатын коммерциялық емес ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылау ерікті және өтеусіз негізде жүзеге асырылады, — делінген ресми сауал жауабында.
Еске салайық, еліміздің бірнеше өңірінде жануарларды ұстауға қатысты шу шыққан еді. Өткен жылы ақшаға құнығып, аңдарды азаптаған Ақтаудағы жылжымалы зообаққа тексеріс жүргізілді.
Сондай-ақ, Қарағандыда зообақ қызметкерлері арыстанның екі күшігін сатпақ болған әрекеті туралы жазған едік.
Одан бөлек, 2019 жылы Алматыда жануарлардың өлімінен соң зообақ қызметкерлері жұмыстан қуылды.