Зооқорғаушылар Instagram-ды жабайы жануарлармен селфиді насихаттамауға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік жануарларды қорғау қоғамы (БЖҚҚ) Instagram әлеуметтік желісінің әкімшілігін селфи жасау үшін жабайы жануарларды табиғи мекенінен алып кетіп, жиіркенішті жағдайда ұстап отыруға қарсы күресу үшін шаралар қолдануды сұрады. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

БЖҚҚ деректері бойынша, 2014 жылы экзотикалық жануарлармен жасалған Instagram-дағы селфилер саны 292%-ға өскен. Соның ішінде, туристердің құшақтап немесе ұстап түскен суреттерінің үлесі 40%-ы құрайды. 

БЖҚҚ белсенділері атап өткендей, Бразилия мен Перуде жергілікті турагенттіктердің қызметкерлері туристердің түскен суреттері арқылы пайда табу үшін жануарларды заңсыз аулаумен айналысуда. Көптеген жануарлар жарты жылдан кейін алған жарақаттары мен шөлдеуі салдарынан өледі.

«Біз Instagram-ды жануарларға зиян келтіретін заңсыз әрекеттерді насихаттау немесе ұйымдастыру үшін қолдануға тыйым саламыз. Біз браконьерлікке ықпал ететін немесе жануарларға қатысты зорлық-зомбылықты бейнелейтін шағымдар түскен контенттерді өшіреміз», - деп хабарлады Instagram өкілдері.

Алдағы уақытта  БЖҚҚ белсенділері «Жабайы табиғатпен сефи жасау кодексін» жасап шығаруды жоспарлауда. Онда экзотикалық жануарлармен қауіпсіз және этикалық суретке түсу ережелері қалыптастырылады. 

Фото: © World Animal Protection