Зорланған балалар туралы мәлімет жарияланбайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ақпарат туралы» заңға осындай жаңа түзету енгізіп отыр. Аталған заңда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде әртүрлі жағдайда зорланған, құқығы тапталған балалар туралы материалдарды жарияламау керектігі туралы тармақ бар. Бұл туралы халыққа есеп беруі кезінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті.

Мұндай материалдар әр балаға психологиялық зардап шектіруі мүмкін. Сол себептен құзырлы министрлік «Ақпарат туралы» заңды жетілдіру барысында осы мәселені қайта қарастырып, түзету енгізіпті. Дәурен Абаевтың айтуынша, түзету енгізілмей тұрып, ол құжат азаматтық қоғамның талқысына салынған. Яғни, журналистер, телекоммуникация нарығының қатысушылары, сарапшы-мамандар және аймақ өкілдері бұл мәселеге орай ой-пікірлерін ашық айтыпты.

Атап айтқанда, қолданыстағы 4 кодекске және 12 заңға 200-ден астам түзету енгізіледі. Заңдық құжат ақпарат кеңістігіндені балаларды қорғауға бағытталған нормларды қарастырады. «Балаларды жаһантордағы жағымсыз ақпараттан шектеу үшін, байланыс операторлары білім беру мекемелеріне балаларға зиянын тигізбейтін контентті ұсынуы керек»,- деді министр.

Құптарлық жайттың бірі, министрлік зорлық-зомбылыққа душар болған балалар туралы фото және бейне материалдарды жариялауға тыйым салуды ұсынып отыр. Дәурен Абаевтың пікірінше, мұндай материалдар әр балаға айтарлықтай психологиялық зардап шектіруі мүмкін. Өкінішке орай, кейбір БАҚ рейтинг қуалап, көбінесе балалардың рухани жай-күйін және келешегін ұмыт қалдырып, өрескел әрекетке барып жатады. Мысалы, ондай балалардың аты-жөнін, тегін, тратын жерін, оқитын мектебін қалың көпшілікке жария етуге болмайды.

Заңға енгізілген түзетуге сәйкес, зорлыққа тап болған баланың өзінің, ата-анасының және заңды өкілінің рұқсатынсыз фотосуреті мен жеке басының мәліметтерін пайдалануға шектеу қойылмақшы. Айта кетелік, мұндай норма Ресей Федерациясының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңында бар. Осы заңның 4-ші бабы бойынша, БАҚ-та және ғаламтор желісінде заңсыз әрекеттердің нәтижесінде зардап шеккен кәмелеттік жасқа толмаған балалар туралы ақпарат (бұл жерде: аты-жөні, тегі, кәмелетке толмаған баланың фото және бейнесуреті, оның ата-анасы мен заңды өкілінің суреті, туған жылы, оның даусының аудиожазбасы, тұрғылықты мекен-жайы, оқитын жері және т.б. туралы айтылып отыр) таратуға қатаң тыйым салынған.

«Балалардың құқықтарын қорғау бойынша айтар болсақ, кей кезде мұндай ақпаратты жариялау керек шығар. Дегенмен біз оны әлеуметтік желілерде жариялауға тыйым саламыз»,- деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың ақпаратқа тең дәрежеде қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында субтитрлеу және сурдо аударма жасауды қолдануды кеңейту ұсынылып отыр.

Дәурен Абаевтың айтуынша, балаларды жаһантордағы жағымсыз ақпараттан қорғау мақсатында «балалар пакеті» енгізіледі. «Балалар қауіпсіз жаһантор қызметін тұтынсын десек, әр баланың білім алуы мен ойын ойнауына қажетті материалдары бар сайттардың тізімі жасалады. «Балалар пакетінде» әр баланың жасы мен психологиясы бойынша рұқсат етілетін ақпарат қана болады»,- деп түсіндірді министр.