Зорланған жасөспірім босанды: Қызылорда полициясы ақпаратты растады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Қызылорда облысында 16 жастағы қыздың зорланғаннан кейін дүниеге сәби әкелгені туралы ақпарат тарады. Ақпаратты облыстық полиция департаменті растады.

Фото: ҚР ІІМ

- Арыз негізінде кәмелетке толмаған адамды зорлау және 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Екі күдікті дереу ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық істердің бірі — 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау дерегі бойынша іс сотқа жолданды. Екінші қылмыстық іс бойынша қажетті кешенді тергеу және процестік әрекеттер жүргізіліп жатыр. Қылмыстық процеске қатысушылардың уәждері тексеріліп, дәлелдемелер жиналып, талдау жүргізіледі. Тергеу органдары істің мән-жайын мұқият анықтап, зерделеуге кірісті. Толық және жан-жақты тергеу нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданады, - делінген хабарламада.

Қызылорда облыстық полиция департаменті іс басшылықтың ерекше бақылауында екенін мәлімдеді. Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Еске салайық, БҚО-да отыз жыл бұрынғы қыз зорлау дерегіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.