Зүлфия Ғабидуллина: Мүгедек жандарға көзқарасты өзгерткеніме бақыттымын

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Паралимпиада ойындарында чемпион атанған Қазақстанның тұңғыш спортшысы Зүлфия Ғабидуллина «алтын» алғанына емес, мүгедектерге деген көзқарасты өзгерте алғанына қатты қуанады екен.

«Бұл жеңісімнің тарихи маңызын түсінсем де, әлі сенер емеспін. Бірақ, бірден байқағаным, жеңісімнен кейін адамдардың бізге, яғни, мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасы өзгерді. Бұрын адамдардың жанынан өткенде мені елемей, жек көре қарайтын. Қазір біздің мықты тұсымызды көре бастады.  Сондықтан, елімізде мүгедектерге деген көзқарас өзгерді деп ойлаймын және мені «алтынымнан» ары қуантатыны да осы», - дейді З. Ғабидуллина.

Бүгін Астанада Чемпиондар аллеясына жас көшеттер отырғызған Зүлфия Ғабидуллина Қазақстанда паралимпиада спорты дамып жатқанын айтты. «Мысалы, Лондоннан құр қайтсақ, Риодан алтынмен оралдық», - дейді ол.

«Паралимпиада ойындарының тарихында Қазақстан үшін алғашқы «алтын» жеңіп алғаным мені ерекше қуанышқа бөлейді. Себебі,енді мүмкіндігі шектеулі адамдар өмірге, спортқа талпына бастайды деп ойлаймын. Енді мүгедектерге арналған спорт клубтары ашылар», - деген үмітін жеткізді чемпион.

Ал, Олимпиада чемпиондарымен бірдей берілетін 250 мың долларға қатысты сұрағанымызда, З.Ғабидуллина тиісті құжаттарға әлі қол қойылмағанын атап өтті.