Зүлфия Сүлейменова мен Канада Елшісі Алан Хэмсон «жасыл» экономика саласындағы өзара ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мен Канаданың ҚР Елшісі Алан Хэмсон мырза екі елдің экология, климаттың өзгеруі және «жасыл» экономика саласындағы өзара ынтымақтастығы мәселелерін талқылады, деп хабарлады ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: gov.kz

Атап айтқанда, Министр климаттың өзгеруінің заманауи сын-қатерлері мен парниктік газдар шығарындыларын азайту қажеттілігі елдерге көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойып отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі Қазақстан үшін басым бағыт болып табылады. Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді, оған сәйкес 2030 жылға дейінгі кезеңде парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқарту жоспарлануда.


Сондай-ақ, біздің ел Климаттық тәуекелдерге ұшырауды азайту үшін табиғи шешімдерді қолдануға ерекше назар аударатыны айтылды. Ормандар мен өзге де экожүйелердің сіңіргіш қабілетін ескере отырып, сондай-ақ шөлейттену проблемаларымен күресу мақсатында 2025 жылға дейін республикада 500 мың гектар алқапқа 2 млрд. ағаш отырғызылатын болады.

Айта кету керек, Канада әлемдегі ең ірі орман державаларының бірі болып табылады және олардың табиғи ресурстарды сақтау, климаттың өзгеруімен, сондай-ақ орман өрттерімен күресу стратегиясының маңызды бөлігі болып табылатын орман өсіру және тұрақты орман шаруашылығы саласындағы тәжірибесі Қазақстанда қолданылуы мүмкін.


Тараптар су ресурстары мен «жасыл» экономика мәселелерін де талқылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Канада тәжірибесіне сүйене отырып, су мен ағынды сулар сапасының халықаралық стандарттарын енгізу және коммуналдық секторда да, өнеркәсіпте де тиісті озық тәжірибе нәтижесінде елеулі пайда ала алады.

«Біз осы саладағы озық тәжірибелерді қолдануда ынтымақтастыққа дайынбыз», - деді З.Сүлейменова.