Зүлфия Сүлейменова Жамбыл облысындағы магистральдық каналдар проблемасын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында магистральдық каналдарға сорғыларды заңсыз қосу фактілері анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: akorda.kz

«Жамбыл облысы бойынша айтсақ, қазіргі кезде мұздықтардың әлсіз еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз толуына байланысты күрделі жағдай байқалып отыр. 2023 жылғы вегетациялық кезеңге арналған Қырғызгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес, Шу және Талас өзендерінің су деңгейі нормадан 100 пайыздан 120 пайызға дейін болжанған. Дегенмен, келіп жатқан судың және су қоймаларының толықтығына жасалған мониторинг болжамның расталмағанын көрсетті. Қырғызстан Су ресурстары қызметінің мәліметінше, бұл өзендердегі су деңгейі нормадан екі есе төмен болып шықты», - деді З. Сүлейменова.

Оның айтуынша, суды тиімді пайдалану және егінді сақтау мақсатында Жамбыл облысының әкімдігіне су беру кезінде басымдықты айқындау (дақылдар бойынша), су айналымын және суару кезектілігін (түнгі суару) қатаң сақтау ұсынылды.

«Сонымен қатар Жамбыл облысында өңірдің сумен қамтамасыз етілуіне теріс әсер ететін бірқатар проблема анықталды. Мәселен, бүгінде пайдаланылатын суармалы жерлер туралы нақты мәлімет жоқ екені белгілі болды. Әкімдіктің мәліметі бойынша 181 мың га суармалы жер бар. Ал осы жылы жасалған шарттар бойынша Қазсушар тек 93,6 мың га жерге ғана су береді. Қалғандарында келісімдер жоқ. Жекелеген шаруа қожалықтары алқаптарға егін егіп, «Қазсушар» РМК-мен су беру туралы шарт бекітпеген, бұл жалпы сумен қамтамасыз ету бойынша жағдайға әсер етеді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, магистральдық каналдарға сорғыларды заңсыз қосу фактілері бар. Мысалы, Тасөткел магистральдық каналы бойынша 200-ден астам осындай сорғы анықталды. Осындай су пайдаланушылармен шарттар жасасу және су бұруды есепке алу бойынша жұмыстар ескерілген.

«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, дақылдарға су берудің басымдылығын анықтап, су айналымы мен суару ретін қатаң сақтау қажет», - деді ведомство басшысы.