Зымыран тасығыш бөлігі құлауынан шыққан өрттің себебі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан «Союз 2.1а» зымыран тасығышының бөлінген бөлшектері құлауы салдарынан шыққан өрттің себептерін тексерген арнайы комиссия өзінің жұмысын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, 2017 жылы 14 маусымда Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан «Союз 2.1а» зымыран тасығышының бөлінген бөлшектері құлауынан Қарағанды облысы Ұлытау ауданында алқап өртенді. Төтенше жағдайдан «КамАЗ» машинасының жүргізуші Юрий Хатюшкин қаза тауып, оның әріптесі Вячеслав Тыц ауыруханаға жеткізілген болатын. Ол кеше  көз жұмды. Бұл туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Қарағанды облысында оқиға орнында 21-28 маусым аралығында  жұмыс істеген комиссия құрамына  ҚР ІІМ ТЖК, облыс әкімдігі, «Роскосмос» ғарыш қызметі мемлекеттік корпорациясы «Машина жасау ҒӨБ» кәсіпорының өкілдері кірді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігінің баспасөз қызметі.

Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша өрт күрделі ауа райы жағдайында техногендік сипатта орын алғаны туралы тұжырым жасалды. «Союз-2.1а» зымыран тасығышын ұшырған күні бөлшектер құлаған аумақта 35 градус ыстық, желдің күші 15-20 м/с болған.

Баспасөз қызметі таратқан хабарламада осындай оқиғалардың қайталануына жол бермес үшін ресейлік және қазақстандық мамандар бірқатар шара қабылдайтындығы айтылған.