*** «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысында болды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Сапар барысында ҚР Президенті Атыраудағы білім ордаларында, жаңадан ашылған кәсіпорындарда болып, жұртпен, жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізген.
«Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстанның экономикасының өсімі жылына кем дегенде 4%-ды құрауы тиіс. Елбасы мұндай мақсатқа қол жеткізу үшін тек экономиканы ғана емес, сонымен бірге, мәдениетті, әлеуметтік саланы, білімді және медицина секілді әлеуметтік саланы қоса дамыту қажет екеніне тоқтала келе, «Мәңгілік Ел» болу - ата-бабамыздың арманы. Бұл арманды бабаларымыз көктасқа қашап жазып кеткен. Бүгін біз ең өскен, өнген, өрелі елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз», деп ерекше екпін түсірді.
- Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа елдеріндегі сияқты «стан» деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер халқы небәрі 2 миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында «стан» жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салынғаны жөн, - деді ел Президенті Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде. Еліміздің бірлік пен толеранттылықты сақтай отырып, алға қойған барлық мақсаттарға жететіндігіне сенім білдіре келе, Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің артықшылығымыз - көпэтносты халқымыздың әралуандылығында», деп қорытындылады кездесуді», - делінген «Қазақ Елінің қазыналы қиырында» атты мақалада.
***
«Айқын» республикалық басылымының бүгінгі санында «Зымыраннан келген зиянды Ресей созбалаңға салып отыр» деген тақырыппен өзекті материал жарияланды. Мақала «Қазғарыш» агенттігінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен алқа отырысындағы келелі мәселелер жайында. Басылымның хабарлауынша, биылғы жыл отандық ғарыш саласының жылнамасына алтын әріптермен жазылуы мүмкін: аманшылық болса, ел тарихында тұңғыш рет бір жылда үш бірдей қазақстандық ғарыш аппараты көк сеңгіріне жол тартады!
Сонымен қатар Қазақ жеріне зымыран гептилінің салдарлары жайында да сөз қозғалды.
«Айтқандай, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев «Протон-М» зымыранының құлауынан келген зиянды өтеу жұмыстарын Ресейдің созбалаңға салып отырғандығын айтты.
- «Байқоңыр» кешені аумағындағы өзекті мәселе - экологиялық проблемалар, - деді Бақытжан Сағынтаев, - зымыранның әрбір ұшырылуы халық арасында әлеуметтік наразылық туғызады. Осыған байланысты біз Қазақстанның Экологиялық кодексін «Байқоңыр» аумағында да тарату, қолдану туралы мәселе көтергенбіз. Және «Протон» апатынан қоршаған ортаға келген шығынды есептедік. Алайда күні бүгінге дейін осы екі мәселенің шешімі созбалаңға салынуда, - деген ол Қоршаған орта министрлігіне, мүдделі меморгандармен бірлесіп, Байқоңыр бойынша «Жол картасы» аясында осы жұмыстарды белгіленген мерзімдерде бітіруді тапсырды. Бұл ретте Қазақстан «Протон» құлауынан келген шығынды 13 миллиардтан астам теңгеге (шамамен 90 млн долларға) бағалап отыр. Бұған келіспеген РФ үкіметі «Роскосмосқа» төл сараптамасын өткізуді, қазақстандық есептемелердің дұрыстығын тексеруді тапсырған. Бірақ бұл іс ілгерілемей тұрған көрінеді», - делінген мақалада.
***
«Саңлақтар медальдерді сарапқа салатын күн келді» деп хабарлайды «Түркістан» басылымы «Ертең Ақ Олимпиаданың алауы тұтанады» атты мақаласында.
«Қазақстандық спортшылар бұл байрақты бәсекеде жанкүйерлерді жерге қаратпайды, Олимп шыңын бағындырып, кем дегенде екі медаль қоржынымызға түседі деген болжам да жасалуда. Аламан додада қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин алтын алады деген үмітіміз бар. Конькиші Денис Кузиннің де жүлделі орыннан көрінетініне сенім мол. Бұл әзірге болжам ғана. Дегенмен, спортшыларымыздан Сочиде аңызға бергісіз жеңістер күтетініміз жасырын емес. Тек бабы емес, бағы жансын деп тілейік!
Әрине, «артық айтып, семіз шыққанға» не жетсін! Мәнерлеп сырғанаудан үздік нәтижелерге ие болып жүрген Денис Теннің де шығар биігі алда. Кейбір болжам жасаушыларымыз Денис Теннің де жүлделі орынмен оралуына үмітті. Мұз үстінде әсем өрнек салатын талантты спортшының жүлделі орынмен оралғанын тілейтін жанкүйерлер аз емес. Қаршадай баланың Олимп шыңын бағындырғаны қазақ елінің абыройы. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенмен бірге Абзал Рақымғалиев та өнер көрсетеді», - дейді аталмыш материалдың авторы.
***
Президент еліміздің атауын "Қазақ елі" деп өзгерту туралы ұсынысын бүгін «Экспресс-К» басылымы да ой елегінен өткізіп көрген. «Президент предложил переименовать Казахстан» атты мақалада. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Атырау облысына жасаған сапары жайында егжей-тегжейлі тоқталады. Газеттің жазуынша, Елбасы бұл күні жергілікті қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінде және отандық мұнай өңдеу зауытында болып, халықпен емен-жарқын сұхбаттасқан.