Зырянда жұмыртқа көлемінде бұршақ жауды
12:54, 30 Тамыз 2018
ЗЫРЯН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында бөдене жұмыртқасының көлемінде бұршақ жауды, деп хабарлайды ҚазАқпарат YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
29 тамыз күні Зубовск кентінде табиғат тосын мінез танытты. Тұрғындардың айтуынша, аз ғана уақытқа жалғасқан жаңбырдан кейін елді мекенге ірі көлемде бұршақ жауды.
Ауыл тұрғындары мұндай жауын-шашынды көрмегелі біраз болған. Бұршақ бау-бақшаны түгелімен зақымдады.
«Машинаны гаражға әрең тығып үлгердім. Жаңбыр мен бұршақ басталып кетті», - дейді Алла.
Еске салайық, «Қазгидромет» ауа райына байланысты Шығыс Қазақстан облысында ескерту жариялаған болатын.