600-ге жуық қазақстандық «Үздік еңбек иесі» атағына таласады

600-ге жуық қазақстандық «Үздік еңбек иесі» атағына таласады
Фото: gov.kz

Биыл «Еңбек жолы» республикалық байқауына 591 өтініш келіп түсті. Отбасылар мен сала мамандары «Үздік еңбек иесі» атағын қорғайды. Байқау туралы толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл конкурсқа барлығы 591 өтініш қабылданды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша 143 өтініш, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша 215 өтініш, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша 233 өтініш қабылданды. Конкурстың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын Еңбек министрлігі жанындағы комиссия айқындайды. Комиссия құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ және әлеуметтік қызметшілер бар», – деді Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, байқау екі кезеңнен тұрады.

«Еңбек күні мерекесі қарсаңында жыл сайын «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткіземіз. Ол адал әрі нәтижелі еңбекті ынталандыруға, жастарға жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және еңбекқор әулеттердің көпжылдық тәжірибесін насихаттауға бағытталған», - дейді ол.

«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары 2023 жылғы 22 қыркүйекте Астанада Еңбек күніне орай өтетін форум барысында жарияланады. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Айта кетсек, жыл сайын қыркүйектің соңғы демалысы «Еңбек күні» мерекесі ретінде аталып өтіледі, биыл атаулы күн 24 қыркүйекке келіп тұр.

Соңғы жаңалықтар